Қазақстан халқы үшін 2019 жылдың 19 наурызы тарихи күн болды.
Тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз өкілеттілігін тоқтатып, Президент міндетін уақытша атқаруды парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктеді.
Ал бүгін, 9 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев ел үшін аса маңызды Үндеу жариялады. Ол өз үндеуінде 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін мәлімдеді.
Бұл кезектен тыс сайлау Қазақстан халқы үшін нық қадам, дұрыс шешім деп ойлаймыз.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ерең еңбегі арқасында еліміз әлемдегі қуатты елге айналды, әлемнің алпауыт мемлекеттері бізбен санаса бастады. Елімізде биліктің бейбіт түрде ауысуы бүкіл әлемді елең еткізді. Бүкіл әлем қоғамдастығы Қазақстанға құрметпен және түсіністікпен қарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде казіргі әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұрғанын, ішкі және сыртқы саяси жағдайға байланысты Қазақстан халқының Президент сайлауын өткізу кезек күттірмейтін саяси науқан екенін атап көрсетті. Бұл келісе қабылданған шешім елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Жалпы мемлекеттің ішкі, сыртқы саясаты, әлеуметтік дамуымыз мемлекет басшысына байланысты, сондықтан бұл кезектен тыс Президенттік сайлау ел дамуының жарқын кепілі болмақ. Екі айдан кейін Қазақстандықтар өз таңдауын жасайды.
Президент сайлауы елдің алдағы дамуында орасан зор саяси шара болып табылады. Сондықтан таңдау жасар тарихи сәтте аудан жұртшылығы бұл шараға аса жауапкершілікпен қарауы қажет. Шешім қабылдайтын сәтте біз үшін бұл сайлаудың қажеттілігі зор. Бүгінде Қазақстанды әлем мойындағаны рас. Экономикалық, рухани және әлеуметтік салада жетістіктер аз емес.
Енді еліміз дамудың жаңа сатысында өтер кезеңде белсенділік танытайық.
Президент сайлауы өте әділ, таза, ашық өтетініне кәміл сенеміз!